Түркістан облысында полицейлер Қазақстан халқы тілдері мерекесін атап өтті
Татулығы жарасқан елімізде барлық ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай бейбіт өмір сүріп келеді. Арнайы мерекелерде этнос өкілдерінің мәдениеті мен өнері насихатталып, халықты бірлікке ұйыстыратын тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Солардың бірі – 5 қыркүйек, Қазақстан халқы тілдері мерекесі. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Бұл мерекенің ерекшелігі – түрлі ұлт өкілдерінің өз тілінде ән шырқап, жыр оқып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған басқосулардың өтуінде.
Аталған мерекені Түркістан облысы полиция департаменті де назардан тыс қалдырмай, жеке құрам арасында тағылымды іс-шаралар өткізіп келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосқан қызметкерлер марапатталып, өзге ұлт өкілдерінің ел дамуына қосып жүрген үлесі жөнінде арнайы ақпараттар дайындалады.
Осындай үлгілі полицейлердің қатарында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері, ерлі-зайыпты Шахпаз Мустафаев пен Гузал Аметова бар. Қызмет барысында танысып, шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бірі – жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етсе, екіншісі – отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес тобында еңбек етеді.
Полиция капитаны Шахпаз Мустафаевтың ұлты әзербайжан болса, полиция аға лейтенанты Гузал Аметованың ұлты өзбек. Екеуі де мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
— Қазақ тілі біздің ана тіліміздей болып кетті. Біз үшін тілге құрмет – елге құрмет. Мемлекеттік тілде еркін сөйлей алуымыз – соның айғағы, — дейді қос полицей.
Сондай-ақ олар Қазақстан халқы тілдері мерекесінің мән-маңызына да ерекше тоқталды:
— Бұл мереке – татулық пен бірлікті айшықтайтын айтулы күн. Барша жұртты бауырына басқан қазақ жерінде туып-өскенімізді үлкен бақыт санаймыз. Ынтымағы жарасқан елде тұрғанымызды мақтан тұтамыз, — дейді жас отбасы.
Қазақстан халқы тілдері мерекесі – барша қазақстандықтардың ортақ мерекесі. "Тілді құрметтеген елдің болашағы жарқын" деген ұстанымды басшылыққа алған жас отбасы ұл-қыздарын отансүйгіштікке баулып, тілге деген құрметті бойларына сіңіруді мақсат тұтады.