Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейлер қоғамдық қабылдау өткізді

Түркістан облысында полицейлер қоғамдық қабылдау өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев заң мен тәртіп қағидаты аясында халықтың уәждерін тыңдап, кері байланыс орнату мақсатында қоғамдық қабылдау өткізді.

"AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында өткен қабылдауға полиция департаментіне қарасты тергеу, өзіндік қауіпсіздік, штаб, криминалдық полиция, жергілікті және әкімшілік полиция т.б. басқармалардың басшылары қатысты.

Кездесуді "AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық маслихат депутаты Қалыйма Жантөреева жүргізді.

Қабылдауға алдын ала жазылған 30-ға жуық тұрғын өзінің көкейдегі сауалдарын қойды. Мәселен, Кентау қаласынан келген тұрғынның бірі жол-көлік оқиғасы бойынша соттың шешіміне наразы екенін айтса, келесі бірі балабақшадағы бүлдіршін ұлының жарақат алып, сол мекеменің ұжымына қатысты іс қозғауды сұрады. Ал Түркістан қаласынан келген бір топ азамат көліктерін сатып алып, ақшасын қайтармаған автосалон иелеріне қатысты істің баяу жүріп жатқанын жеткізді. Әрбірінің мәселесін мұқият тыңдаған полиция басшысы, айтылған уәждердің оң шешілуі үшін жауапты полицейлерге сол сәтте тапсырмалар берді.

- Бүгінгі қабылдауға, аяқсыз қалған арыздарымен, жеке құрамның кейбір полицейлерінің іс-әрекетіне қатысты сын-пікірлерімен бірқатар тұрғындар келді. Әрбір уәж бойынша мұқият жан-жақты зерделеп, құқықтық көмек көрсетуді тапсырамын. Сонымен қатар халықпен тікелей диалог құру және ашықтықты нығайту мақсатындағы мұндай қабылдаулардың берері мол. Сондықтан біздің міндет – қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу, осы жолда халыққа мінсіз қызмет ету, - деп сөзін қорытындылады Бағланбек Есембекұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру