Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейлер қолайсыз ауа райында жүргізушілерге көмектесті

Түркістан облысында полицейлер қолайсыз ауа райында жүргізушілерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Демалыс күндері Түркістан облысында полиция қызметкерлері ауа-райының нашарлауына және жолдардағы көктайғаққа байланысты күшейтілген қызмет режиміне түсті. Патрульдік экипаждардың негізгі бағыты - жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетуге бағытталды.

Мәселен Шымкент - Самара автожолының 2219-шақырымында Шымкентке қарай бара жатқан Lada Granta автокөлігі жол жиегіне шығып кеткен. Жүргізуші тайғақ жолда рульді басқара алмай қалған.

Бұл бойынша патрульдік полиция қызметкерлері С.Нұрлыбаев пен Е.Арысбаев жедел жетіп, көмек ұйымдастырып, эвакуатор шақырып, көлікті жолға шығаруға көмектесті.

Тағы бір оқиға сол жолдың 2202-шақырымында орын алды. Жолдағы мұздың салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі сырғанап, көлік жолдан шығып кеткен.

Полиция қызметкерлері Т.Бисенов пен А.Элмурадов жолдың қауіпті учаскесінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қосымша техниканы тарта отырып, автокөлікті қайтадан жолға шығаруға көмектесті.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері Алматы - Ташкент - Термез автожолында техникалық ақаулыққа байланысты жол жиегінде тұрып қалған жүк көлігін байқады. Б.Жәнібеков пен М.Құрымбаев оқиғаға бей-жай қарамай, жүргізушіге қажетті материалдарды жеткізіп, техникалық ақаулықты жоюға көмектесті.

Жүргізушілер патрульдік полиция қызметкерлеріне жылдамдық, қолдау және қолайсыз ауа райында көрсеткен көмегі үшін алғыстарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру