Түркістан облысында полицейлер тұрғынның жоғалған 25 жылқысын тауып берді
Түркістан облысында полицейлер тұрғынның жоғалған 25 жылқысын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран аудандық полиция бөліміне ер адам хабарласып, көмек сұрайды. Оның айтуынша, жайылымдық жерде жайылып жүрген 25 жылқысы жоғалып кеткен. Шығынның жалпы құны шамамен 15 миллион теңгеден асады.
Полиция қызметкерлері жылқыларды жедел іздестіруге кірісті. Жол талғамайтын қызметтік көлікпен егістік алқаптар мен жайылымдық жерлерді қарап шықты. Таңертеңнен кешкі уақытқа дейін жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған жылқылар 30 шақырым қашықтықта орналасқан алқаптан табылды. Тәртіп сақшылары жылқыларды иесіне табыстады.
- Қандай қуанышты жаңалық. Криминалдық полицияның жігіттеріне алғысым шексіз. Жоғымды тауып, сүйінші жаңалық әкеліп тұр, - дейді тұрғын.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға төрт түлігін қараусыз қалдырмауды, міндетті түрде бақташы жалдап, үй жануарларын таңбалау керек екенін ескертті.