Түркістан облысында полицейлер заңсыз балық аулаған күдіктілерді ұстады
Полицейлер Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде Шардара су қоймасында браконьерлік пен заңсыз балық аулау фактісінің жолын кесті.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер рейдтік жұмыс барысында Қытай торларының көмегімен су қоймасынан заңсыз балық аулаумен айналысқан Шардара ауданының тұрғындары, үш жас жігітті анықтады. Тексеру кезінде олардан екі моторлы қайық, 16 дана Қытай торы, Нива автокөлігі мен ауланған балық тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға қажетті іс-шараларды атқарып жатыр.