Түркістан облысында полицейлер жағдайы күрт нашарлаған жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті
Түркістан облысында полиция қызметкерлері жағдайы күрт нашарлаған жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция қызметкерлері Алматы - Ташкент - Термез республикалық маңызы бар автожолында қызмет атқару кезінде 608 шақырымда жол жиегінде тоқтап тұрған жүк көлігін байқады.
Жүргізушіден жағдай сұрастырған полицейлер Ахмедияр Ақылбаев пен Абзал Бейсенов, ер адамның денсаулығы күрт нашарлағанын анықтады. Содан патрульдік полицейлер уақытты жоғалтпастан, шұғыл шаралар қабылдады. Жедел жәрдем шақырып, ол келгенге дейін жүргізушіге алғашқы көмек көрсетті.
Жүк көлігін жақын маңдағы автотұраққа жеткізіп, жүргізушіні ауруханаға апарды. Кейінірек полицейлер жүргізушіге барып, оның жағдайы жақсарғанын білді. Ол тәртіп сақшыларына көрсеткен қамқорлығы мен көмегі үшін үлкен алғысын жаудырды.
Сондай-ақ Шымкент - Самара тасжолында қызметте жүрген патрульдік полиция қызметкерлері Елік Төлежанов пен Мұхтар Есалиев дөңгелегі жарылған жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетті. Осылайша жүргізушінің өз сапарын жалғастыруына жәрдем берді.
Өз кезегінде патрульдік полиция қызметкерлері жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қиын жағдайларда азаматтарға көмекке келуге әрқашан дайын екендіктерін атап өтті.