Түркістан облысында полицейлер жасөспірімдермен кездесті
Түркістан облысында полицейлер жасөспірімдермен құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды Профилактика жылы деп бекітті. Осының аясында жергілікті өңірдегі полицейлер қоғамдағы кез келген құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алуға бағытталған шараларды қарқынды атқаруда.
Мәселен, Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жасөспірімдермен маңызды жиын өткізді. Полицейлер Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінің студенттерімен, Ескі Иқан ауылындағы №1 мектептің оқушыларымен кездесті.
Іс-шараға оқу орнының директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтары, жастар ісі жөніндегі мамандар да қатысты. Шара барысында жасөспірімдерден әлімжеттік бойынша сауалнамалар алынды. Құқық бұзушылыққа бейім оқушылармен жеке дара түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мақсат — қорқытып алу, буллинг, бұзақылық қылмыстарының алдын алу және жолын кесу. Яғни кездесу кезінде полицейлер жастармен осы бағыттағы профилактикалық әңгіме жүргізіп, бейнероликтер көрсетті.