Түркістан облысында полицейлер жүргізушілерге заманауи жадынамалар таратты
Түркістан облысында полицейлер жүргізушілерге заманауи жадынамалар таратты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен елімізде бір айға жоспарланған "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осы бастама аясында Түркістан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жол қауіпсіздігін арттыру бағытында бірқатар тың және мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырды.
Атап айтқанда, тәртіп сақшылары мемлекеттік маңызы бар "Алматы–Ташкент–Терміз" тасжолында көлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға жол ережесін сақтау туралы мазмұнды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл жолы жүргізушілерге таратылған 100 дана жадынама ерекше форматта дайындалған. Жадынамаға енгізілген QR-код арқылы азаматтар Түркістан облысы полиция департаментінің ресми парақшаларына өтіп, "Жол ережесін сақтаңыз!" тақырыбындағы ақпараттармен таныса алады әрі бейнероликтерді көру мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар жол бойында орнатылған үлкен экран арқылы арнайы әзірленген профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – жүргізушілерге ұсынылған тегін кофе болды. Полиция қызметкерлерінің мұндай жылы қабақпен ұйымдастырған әрекеті азаматтардың оң ықыласын тудырды.
Кездесу барысында жүргізушілер жол қауіпсіздігіне қатысты тың мәліметтермен қаруланып қана қоймай, полицейлерге ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, көлік жүргізушісінің рөлдегі тәртібі – тек өзінің ғана емес, жолдағы барлық азаматтардың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан әр жүргізуші жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуы тиіс.