Түркістан облысында полицейлердің жауынгерлік және қызметтік дайындықтары жетілдірілуде
Түркістан облысында полицейлердің жауынгерлік және қызметтік дайындықтары жетілдірілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің арнайы жұмылдыру басқармасы патрульдік полиция инспекторларының кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында жүйелі түрде жауынгерлік және қызметтік дайындық сабақтарын өткізуде. Бұл жаттығулар құқық қорғау қызметкерлерінің төтенше жағдайларда тиімді әрекет ету қабілетін нығайтуға бағытталған.
Сабақтар барысында инспекторлар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеріп, арнайы қорғаныс құралдарын қолдану дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар, олар рефлекстерді дамыту, күтпеген жағдайларға дайын болу және командалық үйлесімділікке ерекше назар аударады. Бұл жаттығулар қызметкерлердің зейінділігін, жауапкершілігін және бір-біріне деген сенімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Іс-шараға полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев қатысып, жеке құрамның кәсіби даярлығын жоғары бағалады. Ол мұндай жаттығулардың полицейлердің физикалық және моральдық-еріктік қасиеттерін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.