Түркістан облысында полиция 300 тұрғынның қатысуымен марафон өткізді
Түркістан облысында полиция 300 тұрғынның қатысуымен марафон өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әрекеттердің алдын алу мақсатында тұрақты түрде түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Осындай шаралардың бірі Сайрам ауданында өтті.
Аталған іс-шара "Нашақорлыққа жол жоқ" атты акция аясында ұйымдастырылған “Сайрам марафон – 2025” спорттық жарысы болды. Марафонға аудандық әкімдік пен прокуратура қолдау көрсетіп, белсене қатысты.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында спортты кеңінен насихаттап, нашақорлықтың және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Жүгіру марафонына жалпы саны 300-ге жуық тұрғын, кәсіби спортшылар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жастар қатысты. Жарыс қашықтығы 5,8 шақырымды құрап, қатысушыларға жоғары деңгейде ұйымдастырылған бағдар бойынша өту ұсынылды.
Іс-шара соңында қатысушыларға Сайрам аудандық полиция басқармасының бастығы Мұхтар Ермековтің марапаты табысталды.