Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полиция басшылығы 500-ден аса тұрғынды жеке қабылдады

Түркістан облысында полиция басшылығы 500-ден аса тұрғынды жеке қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тұрғындардың полицияға қатысты мұң-мұқтажын тыңдау, оң шешімін табуына көмек көрсету мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов әр аптаның сәрсенбі күні өңір тұрғындарын қабылдайды. Мәселен 2024 жылы облыстың бас полицейі 500-ден астам тұрғынның мәселелерін жеке қарап, мұқият тыңдады. Әрбір арыз-шағымға жауап беріп, құқықтық кеңес берді.

Полиция басшысымен тікелей жүздескен азаматтар ішкі істер саласына қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Қоғамдық қауіпсіздік үшін штат санын арттыру керектігін алға тартты. Сондай-ақ ішкі істер органдарына қызметке орналасу, ауысу секілді өтініштерін білдіргендерде болды. Енді біреулері тергеу саласы бойынша кеңес алуға келген. ПД бастығы Мұрат Талапұлы тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелерге ден қойды. Заңға сәйкес тиісті басшы құрамға нақты тапсырмалар берді. 

Мәселен Кентау қаласының тұрғыны Абдумалик Сайдов қабылдауға келіп, өзінің арызы дұрыс қаралып, оң шешімін тапқаны үшін тергеушіге алғысын білдірді. Жәбірленушінің айтуынша, ол танысының жер рәсімдеп беремін деген сөзіне сеніп, 3 250 000 теңге қаражат берген. Алайда соңында не құжаты дайын емес, не ақшасын ала алмай әбігерге түскен. Осы бойынша арызданып, полицияның жүйелі жұмысы нәтижесінде ақшасын қайтарып алған. Сондықтан тергеушіге қатысты алғысын айтып келген.  

– Мен және менің орынбасарларым, тұрғындарды қабылдау кезінде істің мән-жайын толық түсіндіреміз. Сұрақтарын жауапсыз қалдырмауға жұмыс жасаймыз. Бұл бағыттағы шараларды ары қарай да жалғастыра беретін боламыз!, - деп шегеледі Түркістан облысының бас полицейі.

Полиция департаменті басшысының жеке қабылдауына келген тұрғындардың бірқатары генералға сәттілік тілеп, өтініштерінің бақылауға алынғанына алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру