Түркістан облысында полиция басшылығы ғасыр жасаған қарияға құрмет көрсетті
Түркістан облысында полиция басшылығы ғасыр жасаған қарияға құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы аясында Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев бастаған тәртіп сақшылары 101 жасқа толған соғыс ардагері Қалмен Мұратұлының шаңырағына арнайы барып, ақсақалға құрмет көрсетті.
Ғалымжан Саттарұлы майдангерді мерейтойымен құттықтап, оған ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Ардагердің Отан алдындағы ерен еңбегін айрықша атап өткен полиция басшысы қарттарға қамқорлық көрсету – полиция қызметкерлерінің азаматтық парызы екенін айтты.
Қалмен Мұратұлы небәрі 17 жасында қан майданға аттанып, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен. Соғыстан кейінгі өмірін теміржол саласына арнап, 35 жыл Арыс пен Бадам аралығындағы теміржол бойында қызмет еткен.
Бүгінде ол үлкен әулеттің ақылшысы болып, ұрпағына үлгі көрсетіп отыр.
Тәртіп сақшылары ғасыр жасаған ардагердің ақ батасын алып, оған өздерінің жүрекжарды алғыстарын білдірді.