Түркістан облысында полиция бет-жүзді тұмшалауға тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Түркістан облысында полиция бет-жүзді тұмшалауға тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімдерге тыйым салуға қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұрғындарға түсіндіруді жалғастыруда. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, шектеу тек бет-әлпетті толық жабатын киімдерге – балаклава, маска және никабқа қатысты. Ал хиджаб, шейла, химар мен әл-амира секілді бетті тұмшаламайтын діни киімдер бұл норманың аясында қарастырылмайды.
Сонымен бірге ауа райының ерекшелігіне, денсаулық жағдайына, қызметтік және еңбек міндеттерін атқаруға, заңнамалық талаптарға, азаматтық қорғау шараларына немесе спорттық-мәдени іс-шараларға байланысты мұндай киімдерді қолдануға шектеу қойылмайды.
Полиция өкілдері атап өткендей, басты мақсат – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім еркіндігін сақтай отырып, заң талаптары аясында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.