Түркістан облысында полиция есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтті
Түркістан облысында полиция есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында қарқынды жұмыс жүргізуде.
Биылғы жылдың 11 айында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 422 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында трамадол дәрісін заңсыз сатумен айналысқан 4 адамнан тұратын екі ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды.
Синтетикалық есірткілермен күреске ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта 3 келіге жуық синтетикалық заттар тәркіленіп, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 19 факті, сондай-ақ есірткі зертханаларына қатысты 2 дерек тіркелді. Интернет арқылы жасалатын қылмыстар да полицияның назарында: "Киберқадағалау" ақпараттық жүйесі арқылы 1311 сайт, ал "Антифрод" жүйесі бойынша 1699 банктік шот бұғатталды.
Есірткі жарнамасына қарсы күрес аясында 220 іс-шара өткізілді, 318 есірткі насихаттайтын граффити жазбалары жойылды. Есірткі заттарын жарнамалау фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында облыста 170 мыңнан астам оқушы, студент, ата-ана және жергілікті тұрғындарды қамтитын 1400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта полиция жастар мен облыс тұрғындары арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары мен алдын алу жұмыстарын жалғастыруда.
