Түркістан облысында полиция мен әкімдік тарапынан 100 ерікті марапатталды
Түркістан облысында 2700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға үлес қосқан 100 ерікті марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полиция қызметкерлеріне еріктілер үлкен көмек көрсетіп келеді. Облыста полицейлермен қоғамдық көмекші ретінде (ақылы, ақысыз) 619 ерікті қызмет атқарады. Осы жылы аталмыш волонтерлермен 2710 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 123 қылмыс ашылған. Оның ішінде есірткіге қатысты 5 қылмыс бар. Күнделікті профилактикалық шаралармен қоса еріктілер түнгі рейдтерде де жұмыс жасайды. Есірткі жарнамалаушы граффити жазбаларын жою жұмыстарына да өз үлестерін қосып келеді.
Жалпы, жас сақшылар іс-шаралардан бөлек адам жоғалу жайттарында да белсенді түрде іздеу жұмыстарына қатысып, тәртіп сақшыларымен бірге талай жандардың үйіне аман оралуына себепкер болған. Жыл сайын полицейлер 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күніне орай оларды марапаттап, көмек көрсеткендері үшін алғыстарын жеткізеді. Мысалы, полиция мен әкімдік тарапынан 2024 жылы қылмыс ашуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене қатысқан 100 қоғамдық көмекші марапатталды.
Түркістан облысында «Үздік сақшы» номинациясымен Созақ аудандық полиция бөлімінің қоғамдық көмекшісі Азамат Есенгелді марапатталды.
– Елге қызмет етер ерлермен қатар жүріп жұмыс жасау – мен үшін үлкен мотивация. Осыған байланысты Заң мен тәртіпті орнатуда қолдан келгенше халыққа қызмет етуге дайын екенімді айтқым келеді. Жастарды біздің қатарға қосылуға шақырамын, – деп атап өтті Азамат.
Осылайша «Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыста волонтерлермен жүйелі жұмыс жасалып келеді.