Түркістан облысында полиция студенттерге семинар ұйымдастырды
Түркістан облысында полиция студенттерге семинар ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде маңызды шара өтті.
«Экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары» тақырыбында өткен семинарға оқу орнының Жастар саясаты департаменті қызметкерлері мен студенттер қатысты. Сондай-ақ жастармен кездесуге арнайы спикерлер келіп, өзіндік ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Семинар барысында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Қуанышбай Жұмаділдаев сөз алып, жастарға террористік және экстремистік көріністерге қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірі – профилактика екенін жеткізді. Полициямен атқарылған жұмыстар таныстырылып, жастарды қарапайым қауіпсіздік шараларын үнемі ұстануға шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған хабарламалар берудің соңы заң аясында жауапқа тартумен аяқталатынын ұғындырды.
Кездесу соңында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.