Түркістан облысында полиция заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдіктілерді ұстады
Түркістан облысында полиция заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдіктілерді ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегінің жолын кесті. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманбек Сахов мәлімдеді.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында жедел уәкілдер электрондық ойындар қызметтерін ұсынған үш нүктені анықтады. Күдікті ретінде жергілікті тұрғындар, яғни 2 ұйымдастырушы мен 2 әкімші анықталып ұсталды. Олар бұл әрекетті толығымен мойындады. Тінту барысында олардан үш чек аппараты, компьютерлік техника, ақша қаражаты және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жалғасуда.