Түркістан облысында полиция жедел қызметтің қорытындысын шығарды
Түркістан облысында полиция жедел қызметтің қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінде Мұрат Қабденовтің төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Оған ведомство басшылығы, қызметтер мен аумақтық бөлімшелердің басшылары қатысты. Жиында 2025 жылдың тоғыз айындағы жедел қызметтің қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Кеңес барысында жедел жағдайдың жалпы ахуалы, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметтік тәртіпті нығайту мәселелері қаралды. Есепті кезеңде облыста құқық бұзушылықтар саны 8,8 пайызға азайып, ал қылмыстардың ашылуы 88,4 пайызға жеткені атап өтілді.

Өңірдің бас полицейі Мұрат Қабденов азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамның полицияға деген сенімін арттыру – басты басымдықтардың бірі екенін айтты. Ол кибералаяқтық пен есірткі қылмыстарымен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтармен күресті күшейту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ халық арасында құқық бұзушылықтардың, соның ішінде интернет-алаяқтық пен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Мұрат Қабденов анықталған кемшіліктерді жою, профилактикалық жұмысты күшейту, жеке құрам арасындағы қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
