Түркістан облысында полиция жолаушыдан шамамен 3 келі марихуана тәркіледі
Түркістан облысында полиция жолаушыдан шамамен 3 келі марихуана тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын сақтап, тасымалдады деген күдікпен 49 жастағы азаматты ұстады.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер Ордабасы ауданы елдімекендерінің бірінде Toyota Camry күмәнді автокөлікті тоқтатты. Жедел уәкілдер көліктің салонын тексеру кезінде жолаушыдан, яғни Шымкент қаласының тұрғынынан есірткіге ұқсас заты бар 3 ораманы тапты.
Алынған заттың жалпы салмағы шамамен 3 келі марихуана болып шықты. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр. Ер адам үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.