Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полиция 3 мыңнан астам тұрғынға қорғау нұсқамасын шығарды

Түркістан облысында полиция жыл басынан бері 3000-нан астам тұрғынға қорғау нұсқамасын шығарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы БАҚ өкілдеріне өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Түркістан облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Жанар Қалабаева мәлімдеді.

Жанар Қалабаеваның айтуынша, әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында.

– Облысымызда департамент бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері "Тұрмыс" және "Есептегі тұрған тұлғалар" атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар "Отбасында зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан!" челлендж-флешмобы мен "Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы ұйымдастырылды. Өткізілген шаралар нәтижесінде аса ауыр қылмыстардың саны 87,5 пайызға төмендеді, – деді ол.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 5000-ға жуық хабарлама тіркеліп, 3153 азаматқа қорғау нұсқамасы берілген.

Бүгінде өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін 50 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ 17 ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылған.

Бұл орталықтар мен полицияның бірлескен қызметі жәбірленушілерге кешенді көмек көрсетуге, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және агрессорларды оңалтуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру