Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицияның жаңа нысаны салынып жатыр

Түркістан облысындағы шекаралас Жібек жолы ауылында полицияның жаңа нысаны салынып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылы халық тығыз орналасқан аймақ. Ауылдың өзінде 23 мыңнан астам тұрғын бар. Сонымен қатар бұл елдімекен Өзбекстанмен шектесіп, сауда-саттық пен қарым-қатынас жақсы дамығандықтан, шекара арқылы тәулігіне 30 000 адам мен 1000 автокөлік өтеді.

Аталған аумақта қылмыс пен құқық бұзушылықтарды азайту және алдын алу мақсатында, сондай-ақ стратегиялық тұрғыда ахуал жан-жақты талдана отырып, шекаралас ауылға полиция күшінің құрылымына қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр.

Құрылыс жұмыстарының басталуына орай, Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев іссапармен барды. Олар құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысанның жобасын талқылап, оның мерзімінде аяқталуы мәселесіне назар аударды.

Сапар барысында басшылық құрам Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің ғимаратына да ат басын бұрып, қызметкерлердің жұмыс кабинеттерін аралап, күрделі жөндеуден өткізу барысын қарастырды. Сонымен қатар, қару-жарақтың сақталу орны, тәулігіне кезекшілердің және бейнекамераларды бақылау жұмыстары да талқыланды.

Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов: «Полиция әрқашан халықтың тыныштығын қорғауда алдыңғы қатарда болуы тиіс. Бүгінде сала мамандарына қойылатын талаптар мен жауапкершілік жоғары. Қызметкерлерден сапалы қызмет талап етер болсақ, жұмыс орындарын соған сай жайлы ету қажет. Бейнекамераларды тексеріп, экипаждарды оқиға орнына бағыттау үшін қажетті құрал-жабдықтардың барлығы сақадай сай болуы міндетті. Осыны ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жаңа нысанға қол жеткіземіз. Кемшіліктерге жол бермей, қызметімізді әрі қарай жалғастырамыз!» – деп атап өтті.

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Есенғали Бейсебаев пен жеке құрам өздеріне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды сапалы атқаруға және сенімнен шығуға уәде етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру