Түркістан облысында "Қарасора-2025" шеңберінде саптық таратылым өтті
Түркістан облысында "Қарасора-2025" шеңберінде саптық таратылым өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мақсатында "Қарасора-2025" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің гарнизондық саптық жиыны өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев қатысып, тәртіп сақшыларының заңсыз есірткі айналымының жолын кесу мен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы міндеттерге дайындығын пысықтады.
"Қарасора-2025" іс-шарасы аясында Ішкі істер министрлігінің жедел бөлімшелері, учаскелік және патрульдік полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, ҰҚК Шекара қызметі, прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды. Облыс аумағында 18 мобильді топ құрылып, екі блок-бекет қойылды.
Іс-шара басталғаннан бері өңірде есірткі өткізуге қатысты 3 дерек анықталып, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 15 жайты тіркелді. Сонымен қатар 400 грамм синтетикалық есірткі мен 60 келіге жуық марихуана тәркіленді.
Есірткі қылмысының алдын алу мен оның таралуына қарсы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта қоғамның қауіпсіздігі мен жастардың болашағы үшін ауқымды іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.