Түркістан облысында "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Түркістан облысында "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасының ресми ашылуы өтті. Кеңес жұмысына ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшылығы, департаменттің жедел құрылым қызметкерлері және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кеңестің мүшелері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты — есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіру мен дайындау фактілерін анықтау, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту. Ауқымды шараға арнайы техника, дрондар және тікұшақтар тартылып, өңірде 18 мобильдік топ құрылды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдарда екі бақылау-өткізу бекеті орнатылды.
Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманбек Саховтың мәлімдеуінше, заңсыз айналымнан 200 келіге жуық түрлі есірткі тәркіленіп, екі бірдей фитозертхананың қызметі тоқтатылған.
Сондай-ақ ҚР ІІМ өкілдері Халықаралық Қазақ-Түрік университеті мен Яссы колледжінің студенттерімен кездесіп, есірткінің ағзаға зияны мен қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Отырыста ведомствоаралық штаб пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мәжілістері өткізіліп, атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Жиын соңында қатысушылар құқық қорғау органдары, жергілікті билік пен қоғамның есірткіге қарсы күресте, әсіресе жастар арасында есірткіге төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудағы бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.