Түркістан облысында қарияны алдап, онлайн несие рәсімдеген жігіт анықталды
Түркістан облысында қарияны алдап, онлайн несие рәсімдеген жігіт анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Егде жастағы ер адамның айтуынша, оның атынан белгісіз біреу тауарлық несие алып, 400 мың теңге шығын келтірген. Жәбірленуші орын алған жайттың мән-жайын анықтап, тексеру үшін тез арада тәртіп сақшыларынан көмектесулерін сұрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында тәртіп сақшылары қажетті іс-шараларды жүргізді. Атқарылған тиянақты жұмыс нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жұмыссыз жас жігіт, жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші өзіне таныс емес жас жігітке телефоны арқылы айыппұлын төлеп беруге өтініш жасаған. Осы сәтте жас жігітте теріс пиғыл туындап, қарияның телефоны арқылы оның атынан тауарлық несиеге сұраныс жіберген. Мақұлдау алғаннан кейін ақшаны өзіне аударып алған. Полицейлер күдікті жігіттің бұдан басқа да алаяқтық жайттарына қатысты болуы мүмкін екенін алға тартады. Осыған орай сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.