Түркістан облысында қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға 7 миллион теңге төленді
Түркістан облысында қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға шамамен 7 миллион теңге төленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында қару-жарақпен жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда 90 азамат полиция органдарына 105 бірлік тіркелмеген қару, оның ішінде 94 бірлік тегіс ұңғылы қаруды өз еркімен тапсырды. Қаруды ерікті түрде тапсырғаны үшін оның түріне және техникалық жағдайына байланысты сыйақы қарастырылған.
Сонымен қатар ішкі істер органдарына заңсыз сақталған және тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырған 69 азаматқа 7 миллион теңге төленді.
Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын хабарлаймыз.