Түркістан облысында қоғамдық орында кальян шеккен тұрғындар жазаланды
Түркістан облысында қоғамдық орында кальян шеккен 30-дан астам тұрғын жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында, облыс орталығында орналасқан ойын-сауық орындарында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Негізгі мақсат - қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салатын заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету.
Полицейлер кезекті рейд кезінде 6 азамат пен 3 ойын-сауық мекемелерінің иелерін анықтады. Оларға қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мәселен Түркістан қаласындағы мекемелердің бірінде 25 жастағы қыздың кальян шегу фактісі анықталып, оған әкімшілік шара көріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары облыс орталығының "Жаңа қала" шағын ауданында орналасқан кафелердің бірінің әкімшісін келушілерге кальян ұсынғаны үшін жауапқа тартты.
Жыл басынан бері профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабын бұзудың 30-дан астам фактісі анықталды. Ал құқық бұзушылар ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Қоғамдық орындарда, тамақтану орындарында, түнгі клубтарда, барларда және демалыс орындарында кальян қолдануға заңмен тыйым салынған. Полиция азаматтарды сіздің денсаулығыңызға зиян тигізуі мүмкін жаман әдеттерден бас тартуға шақырады.