Түркістан облысында қылмыс деңгейі төмендеді
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М.Қабденов аппарат пен облысқа қарасты аудандық, қалалық полиция басшыларының жұмысын пысықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үлкен мәжіліс залында өткен жедел кеңесте 2024 жылдың 6 айында тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыстың нәтижелері қаралды. Департамент бастығының орынбасарлары өздеріне бекітілген құрылым бойынша баяндамалар жасап, есеп берді.
Статистикаға сүйенер болсақ, Түркістан облысында осы жылдың 6 айында 2551 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда 2,3 %-ға төмендеді. Оның ішінде қылмыс саны 7,9%-ға азайған. Жалпы, ұрлық қылмысының тіркелімі 516-дан 330-ға азайған. Пәтер ұрлығы қылмысының тіркелімі 47,5%-ға азайған. Мал ұрлығының тіркелімі 95-тен 50-ге төмендеді. Тонау қылмысы 31%-ға төмендесе, бұзақылық қылмысы 26,4%-ға қысқарды.
Жиын соңында Мұрат Қабденов жеке құрамға балалар қауіпсіздігі, алаяқтық қылмысы мен жол көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ 15 бағыт бойынша нұсқаулар беріп, жыл соңына дейін оң нәтижеге жетуге бағыттады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғындар тыныштығын сақтауда жұмысты жандандыруға шақырды.