Түркістан облысында қылмыстың төмендеуі – учаскелік полиция инспекторларының жетістігі
Түркістан облысында қылмыстың төмендеуі – учаскелік полиция инспекторларының жетістігі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізу және кадрлық әлеуетті нығайту қажеттігін атап өткен болатын. Сондай-ақ "Жұртқа жақын полиция" жобасы аясында учаскелік полиция инспекторларының қызметі мен рөліне, олардың құқықтық мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.
Осы мақсатта Түркістан облысында алғаш рет полиция департаменті мен облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен "Учаскелік полиция инспекторы – қауіпсіздік кепілі" тақырыбында ауданаралық слет өтті.
Шараның негізгі мақсаты – учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін күшейту, тәжірибе алмасу және құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі жұмысты жетілдіру.
Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары З. Жолдасов, полиция департаментінің бастығы М. Қабденов, облыс прокуроры М. Тілеубердиев, ҰҚК департаментінің басшысы Б. Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Академиясының аға оқытушысы А. Қойшкен, Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Г. Жанысбаева, кәсіби жаттықтырушы Г. Оспанова, сондай-ақ құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Слет барысында учаскелік полицейлердің жұмысы, құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдері және азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату жолдары талқыланды. Үздік инспекторлар марапатталып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған семинар өткізілді.
– Азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, «алкогольсіз ауыл» жобасын ілгерілету, сондай-ақ нашақорлықтың, интернет-алаяқтықтың және мал ұрлығының алдын алу – учаскелік полицейлердің негізгі міндеттерінің бірі. ҚР ІІМ қолдауымен олардың тиімді қызмет атқаруына барлық жағдай жасалуда. Инспекторлар тұрақты түрде біліктілігін арттыру курстарынан өтеді, бейнежетондармен, планшеттермен және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етіледі. Жаңа учаскелік пункттер мен модульдік бекеттер ашылып жатыр, – деп атап өтті облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов.
Бүгінде Түркістан облысында 800-ге жуық учаскелік полиция инспекторы еңбек етеді. Олар құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізеді. Соның нәтижесінде бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар 3,9%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстар 9,1%-ға, қоғамдық орындарда тіркелген қылмыстар 15,3%-ға, ал көшедегі қылмыстар 16%-ға азайды.
Слет соңында ұйымдастырушылар түрлі құрылым өкілдерін бейбіт әрі қауіпсіз қоғам құру жолында бірлесе әрекет етуге шақырып, естелік суретке түсті.