Түркістан облысында қызметте көзге түскен ЖҚАЖ қызметкерлері марапатталды
Түркістан облысы полиция департаментінің алаңында жеке құрамның қатысуымен гарнизондық байқау өтті, —деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов тәртіп сақшыларын Қазақстан Республикасының арнайы мақсаттағы бөлімшелері қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қызмет атқаруға дайындығын тексерді.
Шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, сондай-ақ халықаралық спорттық жарыстарда жетістіктерге қол жеткізген полицейлерді марапаттау рәсімі өтті. Яғни полиция департаменті бастығының грамотасымен 10 полиция қызметкері марапатталды.
Сонымен қатар жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспкторы Бақдәулет Рысалыұлы ҚР ІІМ-нің "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды. Министрліктің алғыс хаты полиция аға лейтенанты Дәурен Қаныбекке табысталды. Сондай-ақ рекорд орнатқан полиция қызметкері Парасат Жолдасбек Қазақстанның рекордтар кітабының сертификатымен марапатталды. Ол 10 келі салмақты гантельді ұстап, бір аяқпен бір минутта 30 рет отырып-тұрып, үлкен төзімділікті көрсетті.
Түркістан облысы полиция департаментінің командасы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шағын футболдан І орын иеленіп, диплом мен кубок қанжығалады. Сондай-ақ полиция капитаны Әбділда Бақытжанұлы "Үздік қақпашы" номинациясына ие болып, дипломмен марапатталды.
Ал жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері ұрыс тәсілдерін, кинолог мамандары қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау шеберлігін көрсетті.
Соңында полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындауға дайын екендіктерін жеткізіп, салтанатты шерумен өтті.