Түркістан облысында қызметтік ит шетелдіктен есірткі тапты
Түркістан облысында қызметтік ит шетелдіктен есірткі тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы шекара бақылап-өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдіктен есірткі заттары табылғаны бойынша хабарлама келіп түсті.
Полицейлер анықтағандай, Минти есімді қызметтік ит Өзбекстан азаматынан тыйым салынған заттардың бар екеніне белгі берген. Тәртіп сақшылары күдіктіні тінту кезінде оның қалтасынан есірткіге ұқсас затты тапты. Тәркіленген заттай дәлелдемелерді полицейлер сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, оның марихуана есірткісі екені анықталды. Күдікті қамауға алынды.
Бұл жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады.