Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинағандар ұсталды
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинағандар ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін өсімдіктерді заңсыз жинаумен айналысқан тұлғалар тобының әрекетіне тосқауыл қойды.
Полицейлер таулы аймақтарда тыйым салынған өсімдік түрлерін жинады деген күдікпен Төлеби ауданының алты тұрғынын ұстады.
Тексеру және тінту жұмыстары кезінде жалпы салмағы шамамен 100 келіден асатын 3000-нан астам макротомия өсімдігінің тамыры және арнайы қолдан жасалған күректер тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сирек кездесетін, жойылу қаупі төнген және айналымына тыйым салынған өсімдіктермен заңсыз әрекет ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгінде істің барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді және табиғи ортаны сақтауға, қорғауға шақырады.
