Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ
Логотип

Түркістан облысында соңғы үлгідегі жаңа ауылдық полиция пункті ашылды

Түркістан облысында соңғы үлгідегі жаңа ауылдық полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам ауданында жергілікті тұрғындар үшін маңызды оқиға-жаңа полиция пунктінің салтанатты ашылуы. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов, аудандық полиция басқармасының бастығы Мұрат Ермеков, ақсақалдар мен аудан тұрғындары қатысты.

Полиция пункті халқы тығыз және республикадағы ең үлкен мал базар орналасқан ауылдардың бірі – Қарабұлақ ауылында ашылды. Су жаңа 2 қабатты ғимарат заманауи техникамен, жиһазбен және байланыс құралдарымен жабдықталған. Тергеушілердің, учаскелік инспекторлардың, ювеналды және патрульдік полицияның кабинеттері, сондай-ақ кезекші бөлімшесі бар, ал жұмыс кабинеттері бейнебақылау камераларына қосылған.

Сонымен қатар ауылдық полиция пункті шағын ЖБО-мен (жедел басқару орталығы) жабдықталған, ал Қарабұлақ ауылының аумағында 28 бейнебақылау камерасы орналасқан. Бұл полицейлерге ахуалдық жағдайға мониторинг жасауға, қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және қылмыстарды дер кезінде ашуға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Д. Сатыбалды жаңа полиция пунктінің ашылуы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілінің бір бөлігі ғана емес, халық пен полиция арасында сенімді қарым – қатынас орнату, сондай-ақ облыс азаматтарының өмірі үшін қауіпсіз әрі жайлы ету екенін атап өтті.

Полиция департаментінің бастығы М. Қабденов кенттік полиция пункті қоғамдық қауіпсіздік пен «заң және тәртіп» қағидатын қолдаудың маңызды буыны болатынына назар аударды. «Біздің міндетіміз — қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға ден қою ғана емес, олардың алдын алу. Полиция халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді және азаматтардың тыныштығын қорғайды», – деп атап өтті.

Сонымен қатар Қарабұлақ ауылында жаңа полиция пунктінің ашылуы тұрғындарға өз мәселелерін уақтылы шешуге және қажетті көмек алуға мүмкіндік береді, халықтың полиция жұмысына деген сенімін арттыруға және қауіпсіз қоғам құруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру