Түркістан облысында сот органдары белгілеген шектеулерді бұзған 100 тұрғын анықталды
Түркістан облысында сот органдары белгілеген шектеулерді бұзған 100 тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері пробация қызметімен бірлесіп, ішкі істер органдарында есепте тұрған 5 мыңға жуық адамды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерді.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары сот органдарымен белгіленген шектеулерді бұзған 100 адамды анықтады. Оларға қатысты тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 19 адам ҚР Әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында рецидивтік қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды анықтауға және оларды профилактикалық есепке қоюға, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша одан әрі тексеруге бағытталған «Есептегі тұлға» шарасы жүргізілуде.
Сондай-ақ полицейлер әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.