Түркістан облысында талантты тәртіп сақшылары домбырада күй шертті
Түркістан облысында талантты тәртіп сақшылары домбырада күй шертті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан облысы полиция департаментінде мәдени іс-шара өтті. Онда тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров баяндама жасап, домбыраның шығу тарихымен таныстырды. Жеке құрамға домбыра туралы бейнеролик көрсетілді.
Қызметімен қатар өнерді серік еткен тәртіп сақшылары болса, домбырамен күй күмбірлетіп, ұлттық әндерді нақышына келтіре орындады. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілердің өнерін жалғап, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.
Мәселен полиция аға лейтенанты Нұржан Абдраманов “Әлқисса” және “Салтанат” күйлерін нақышына келтіре орындады. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Шадияр Жұманов “Адай” күйін тартып, “Сәйгүлік” әнін орындады. Ақпараттық саясат бөлімінің қызметкері Абдрахман Зұлпыхарұлы “Тау ішінде” әнін әуелете шырқады.
Ал облыстың танымал өнерпаздары Мағжан Тойшыбай мен Азамат Құдайберген полицейлерге патриоттық көңіл-күй сыйлады. Осылайша аталмыш шарада салт-дәстүріміздің маңыздылығын дәріптейтін, қазақи болмысымызды паш ететін композициялар насихатталды.