Түркістан облысында тас жолда жүргізушіден 1,5 келіден астам есірткі тәркіленді
Түркістан облысы бойынша полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтап, тасымалдады деген күдікпен Шымкент тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полицейлер Ордабасы ауданы аумағындағы Шымкент – Түркістан тас жолында мегаполистің 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы Nissan Primera автокөлікті тоқтатты.
Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің көлігінің артқы орындығының астынан есірткіге ұқсас затты тапты.
Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес есірткі затының жалпы салмағы 1,5 келіден асатын марихуана болып шықты.
Қазіргі уақытта есірткі құралдарын сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталады.