Түркістан облысында тұрғындардан заңсыз сақталған 17 қару алынды
Түркістан облысында тұрғындардан заңсыз сақталған 17 қару алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының аумағында атыс қаруы мен оқ-дәрілерді қолдану арқылы жасалған қылмыстардың дер кезінде алдын алу және ашу, жедел жағдайды жақсартуға бағытталған «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Бұл шара басталғаннан бері полицейлер 17 қару, оның ішінде екі шолақ мылтық, екі травматикалық және 13 тегіс ұңғылы қаруды, 30 оқ-дәрі мен екі снарядты тәркіледі.
Мысалы, Сауран ауданында полицейлер ауыл тұрғынынан заңсыз сақталған 12 калибрлі ТОЗ аңшы мылтығын тапты. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары Қазығұрт ауданының тұрғынынан тағы бір тіркелмеген 12 калибрлі аңшы мылтығын айғақты зат ретінде алды.
Бүгінде құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Айта кететін жайт, «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Түркістан облысының полицейлері 2 069 қару иесін тексеріп, 119 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша – 10, ӘҚБтК-нің 484-бабына (Азаматтық, қызметтік, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу тәртібін бұзу) сәйкес – 51, ӘҚБтК-нің 486-бабы (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша 58 хаттама толтырылды.