Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында туысының телефонын үптеп кеткен ұры ұсталды

Түркістан облысында туысының телефонын үптеп кеткен ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, оның үйінің асханасында тұрған ОРРО А5 ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып кеткенін жеткізді. Ер адамға келтірілген шығын көлемі 90 мың теңгені құрады. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Өзге біреудің үйіне заңсыз кіріп, онымен қоймай ұрлық жасаған кінәліні анықтап, қылмысты ашу мақсатында сайрамдық сақшылар кәсіби шеберліктерін салып, жүйелі жұмыстар атқарды. Көрген-білгендерден сұрастырды, жақын аумақтарды аралап шықты. Осылайша полицейлердің қырағылығының арқасында ұры «ізін суытпай» ұсталды. Ол жергілікті тұрғын әрі жәбірленушінің бұрын сотты болған туысы болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушімен бір аулада тұрады. Осыны пайдаланған ол жәбірленушінің үйіне кіріп, ешкім жоқтығын және асханада қараусыз тұрған телефонды көріп, арам ойы пайда болған. Содан рұқсатсыз туысының ұялы телефонын алып, оны өзге біреуге 20 мың теңгеге сатып үлгерген. Полицейлер ұрланған телефонды айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарды. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызбен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмай, мүмкіндігінше аузы жабық сөмкеде, ішкі қалталарда сақтап қойыңыздар деп кеңес береді. Сондықтан жеке мүлікке мұқият болыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру