Түркістан облысында туысының жиһаздарын жымқырған ер адам қолға түсті
Түркістан облысында туысының жиһаздарын жымқырған ер адам қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер үйіндегі үй жиһаздарын жымқырып, едәуір шығын келтірген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 188- бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгені құрады.
Хабар алысымен тәжірибелі сарыағаштық тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы бірден іздестіру шараларын жүргізді. Жақын аймақтарды тез арада аралап шықты.
Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, тұрғылықты үйінен ұстады. Ол жәбірленушінің жақын туысы болып шықты. Полицейлер күдікті ер азаматты ПБ-ға жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті ер адам туысының үйінде жоқ екенін әбден көз жеткізіп, жиһаздардың, яғни диван, шкаф пен бірнеше кілемді жымқырған. Полицейлер қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері өз мүліктеріңізге барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше аулаларыңызға бейнебақылау камераларын, ал, көліктеріңізге дабылқаққыш орнатыңыздар.