Түркістан облысында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
ҚР ІІМ-нің арнайы нұсқауына сәйкес республика көлемінде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 7 қыркүйектен басталып, 1-желтоқсанға дейін өткізілмек, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері де қарқынды жұмысқа кірісті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халық арасында ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді тығыз қарым-қатынас орнату, сондай-ақ қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде экстремизм және терроризм деректерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, көші-қон қызметіне бақылау жасау мақсатында әрбір пәтер мен жеке үйлерді аралап, тұрғындар жайлы ақпарат жинақтау болып табылады.
Оған қоса бостандығынан айыру органдарынан шыққаннан кейін ішкі істер органдарында есепке тұрмаған адамдарды анықтау. Іс-шара барысында азаматтардың қару сақтауы бойынша заңдылықтардың орындалуы, уақытылы тіркелуі де назардан тыс қалмайды. Базарлар мен өзге де сауда орындарын тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қараусыз қалған ғимараттарды, саяжай алқаптарын, құрылыс обьектілерін, жертөлелер мен кәріз құдықтары және басқа да орындар толық тексеріледі. Сонымен бірге елімізде болу қағидаларын бұзған, елден шығару туралы соттың шешімін орындамаған шетелдіктерді, заңсыз көші-қонды ұйымдастырушыларды, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзған жұмыс берушілерді анықтау шаралары қарастырылады.
Айта кететін жайт, аталмыш профилактикалық іс-шара 1-желтоқсанға дейін жалғасады. Учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон, криминалдық және патрульдік полиция және басқа да қызметтердің қатысуымен әрбір учаскелік аумақтардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.