Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында үздік жас жол инспекторларының слеті өтті

Түркістан облысында үздік жас жол инспекторларының слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаментінің Сауран аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында жас жол қозғалысы инспекторларының байқауы өтті. Шараның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ өскелең ұрпаққа жол жүру ережелерін үйрету.

Сайысқа Сауран ауданындағы бес жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау жеті кезең бойынша өткізілді. Онда қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу, саптық дайындық, "Жас реттеуші", "Жас санитарлар" сайысы сынды бірнеше бағытта сынға түсті.

Байқау нәтижесінде І орынды №3 жалпы білім беретін мектептің оқушылары жеңіп алды. ІІ орын М.Қазыбеков атындағы мектепке бұйырса, ІІІ орынды Қос Қорған және Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептер бөлісті.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Өз сөзінде Е. Асқаров балалардың көшеде қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру, жол қозғалысы ережелерін білу мен сақтау – әрбір бала үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай байқаулар жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруда үлкен рөл атқаратынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру