Түркістан облысында заңсыз жұмыс істеп жүрген 38 шетелдік елден аластатылды
Түркістан облысында заңсыз жұмыс істеп жүрген 38 шетелдік елден аластатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында қарқынды қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон саласындағы заңнаманы сақталуы қатаң қадағалауға алынған. Осындай кезекті тексеріс кезінде елде заңсыз жүргендер анықталды.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД көші қон қызметі тобы мен Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары Қайнар ауылының оңтүстік беткейінде орналасқан тауық фермасының аумағында тиісті құжаттары болмаған Тәжікстан Республикасының 38 азаматын анықтады. Тексеру барысында аталған ферманың егесі шетелдіктерді Арыс ауданы аумағында кеурек өсімдігін теру үшін алып келіп, осында жұмыс күтіп жатқандығы белгілі болды.
Қазақстандық шаруашылық егесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабының 2-бөлігімен (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Тәжікстан Республикасының 38 азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар сотқа жолданды. Ордабасы аудандық сотының шешіміне сәйкес, бұл шетелдіктердің барлығы ҚР аумағынан шеттетілді.