Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жайылымнан жылқы ұрлап сатқан ер адам қамауға алынды

Түркістан облысында жайылымнан жылқы ұрлап сатқан ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның жайылымда қараусыз жайылып жүрген жылқысы мен құлынын белгісіз біреу ұрлап кетіп, миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Аталған жайтты полицейлер бірден ҚК 188-1-бабы, яғни (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алып, іздестіру жұмыстарына кірісті. Арадан бір аптаға жуық уақыт өткенде полицияға тағы бір тұрғын хабарласып, өзінің 300 мың теңге тұратын жылқысы жайылымнан жымқырылғанын жеткізеді. Орын алған қылмыстардың ұқсастығын алға тартқан полицейлер, екі қылмыстық істі бір адам жасауы мүмкін екеніне күдіктенеді. Осы мал ұрлығы қылмыстарын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында келестік қырағы полицейлерден жедел-терегу тобы құрылды. Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын аумақтарды тыңғылықты қарап шықты. Мал базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді мұқият тексерді. Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрланған жылқының бірі мал базарда сатылып тұрған жерінен анықталды. Малды сатып тұрған адамнан сұрастыру барысында күдіктінің жеке-басы анықталды.

Ол Келес ауданының мал бағумен айналысатын тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктіні бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша жігіт қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Тексеру барысында күдікті ер азаматтың жоғарыдағы екі мал ұрлығына да қатысы бары белгілі болды. Ол жылқылардың жайылымда қараусыз жүргенін пайдаланып айдап әкетіп, өзінің қорасына жасырған. Содан мал сатумен айналысатындарға арзан бағаға сатып жіберген. Түскен ақшаны бас пайдасына жұмсаған. 

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер, сіз, мал ұрлығының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру