Түркістан облысында жаңа полиция сыныбы ашылды
Түркістан облысында жаңа полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістанда өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын арттырып, құқық қорғау саласына қызығушылығын дамыту мақсатында маңызды шара өтті. Н.Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында Жаңабай Сейсембекұлы атындағы полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы, қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат және ардагерлер мен Жаңабай Сейсембекұлының отбасы қатысты.
Шара барысында қонақтар оқушылармен кездесіп, полиция сыныбының маңызын атап өтті. Сыныпқа есімі берілген Жаңабай Сейсембекұлы — өмірін ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік жолына арнаған, өз ісіне адал, батыл да өнегелі тұлға болған. Оның есімін ұлықтау — жас буынның бойында патриоттық сезім мен елге қызмет етуге деген ынтаны қалыптастыруға бағытталған игі қадам болып табылады.
Полиция сыныбында оқушыларға құқықтық тәрбие беру, заң негіздері мен тәртіп сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ полицей мамандығының қыр-сырымен таныстыру көзделген. Арнайы сабақтар мен кездесулерде тәжірибелі тәртіп сақшылары мен педагогтар жастарға патриоттық рухта тәлім-тәрбие береді.
Іс-шара соңында қатысушылар оқушыларға табыс тілеп, Жаңабай Сейсембекұлының өмір жолы мен ерліктерінен үлгі алуға шақырды.
Айта кетейік, Жаңабай Сейсембекұлы – Түркістан өңірінде қызмет еткен, өз ісіне адал, ел мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тер төккен абзал азамат. Оның есімімен аталған полиция сыныбы – жас ұрпақтың бойында батылдық пен жауапкершілік қасиеттерін дарытудың, патриоттық рухты күшейтудің символы.
