Түркістан облысында жас инспекторлар республикалық кезеңге өтті
Түркістан облысы полиция департаменті мен білім басқармасы бірлесіп, "Жас жол инспекторлары" жасақтарының облыстық кезеңінің соңғы кезеңін өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектеп базасында өткен маңызды шараға аудандардан келген 11–14 жас аралығындағы балалар командасы қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – жол көлік оқиғаларының алдын алу, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығын арттыру.
Байқау жол жүрісі қағидалары, үгіт-насихат бригадасы, велосипед тебу, автоқалада велосипед жүргізу, жас реттеуші, эрудиттер турнирі, жас санитар және басқа да кезеңдерден тұрды.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Түркістан қаласының командасы, ІІ орынды Жетісай ауданының командасы, ІІІ орынды Бәйдібек ауданының командасы иеленді. Қатысушыларға дипломдар, сондай-ақ түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды.
Облыстық кезеңнің жеңімпаз командасы республикалық кезеңге жолдама алды. "Жас жол инспекторлары" слеті өскелең ұрпақты жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады және жол қозғалысы ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.