Түркістан облысында "Жас сақшы" сыныбы aшылды
Түркістан облысында "Жас сақшы" сыныбы aшылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет атқарған полиция полковнигі Талғат Оспановтың есімімен аталатын "Жас сақшы" сыныбы ашылды.
Салтанатты шараға Түркістан облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрдаулет Ажибеков, марқұм Талғат Оспановтың жұбайы мен балалары және мектеп оқушылары қатысты.
Сөз алған Мақсат Асқаров еліміздің түкпір-түкпірінде осындай "Жас сақшы" сыныптарының ашылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба – Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке баулуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және болашақ мамандықты таңдауға бағытталған маңызды қадам.
Салтанатты жиында Талғат Оспановтың жары мен оның отбасы атынан сөз сөйленіп, полиция департаментінің ұжымына шексіз алғыс білдірілді. "Ер есімі – ел есінде" деген ұлағатты сөздің шынайы көрінісіне куә болған отбасы мүшелері толқыған сәттерін жасыра алмады.
Сыныптың ашылу рәсімінде жоғары сынып оқушылары ант беріп, "Жас сақшы" қатарын толықтырды.