Жасырын той жасаған жетісайлықтар анықталды
Түркістан облысында жасырын той жасаған жетісайлықтар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында карантинге қарамастан бір айдың өзінде 15-20 тойды өткізетін тойханалар анықталуда. Олар өз пайдаларын ойлап, карантиндік талаптар мен салынған айыппұлдарды елеместен, жасырын той жасап жатыр. Мәселен Жетісай қаласында бір күннің өзінде Жетісай АПБ-нің қызметкерлері бір көшенің бойында орналасқан екі тойханада той болып жатқанын анықтады. Оның бірінде бесік той болса, екіншісінде құдалық той өткізілген. Екі тойда да 100-ге жуық қонақ болған.
Белгілі болғандай қатар орналасқан екі тойхананың иесі бір. Анықталған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша карантин талаптарын сақтамағаны үшін тойхана иесі мен екі тойдың иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптары, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша) әкімшілік шара көру мақсатында тиісті құжаттар жинақталып, Жетісай аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Сондай-ақ Жетісай АПБ-нің қызметкерлері аурудың күрт өсімі тіркелгенін ескеріп, сақтық шараларын қатаң сақтау керектігі жөнінде тойханаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.