Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жедел кеңес өтті

Түркістан облысында жедел кеңес өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ержан Сәденов "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялап, іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Осы ретте Түркістан облысы полиция департаментінің мәжіліс залында 2025 жылдың қаңтар айында атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша жедел кеңес өтті.

Күн тәртібінде қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген шаралар талқыланды. Департамент бастығы Мұрат Қабденов төрағалық еткен жиында салалық басқарма (бөлім) және қалалық, аудандық полиция басшылары, олардың орынбасарлары, бөлімше басшылары мен топ жетекшілері қатысты.

Жалпы Түркістан облысында осы жылдың 1 айында құқық бұзушылық саны 3,1%-ға, қылмыс саны 8,8%-ға азайған. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 9,5%-ға жақсарған. Құқық бұзушылықтардың ашылымы 79%-ды құрайды. Тергеу мен анықтау саласы бойынша сотқа 359 іс жолданып, өткен жылмен салыстырғанда 99 іске асыра орындалып отыр. Қоғамдық орында жасалған құқық бұзушылықтар 2,4%-ға төмендеген. Ал облыс бойынша 78 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, шара көрілген. Жиында құқық бұзушылық профилактикасы, оның ішінде алаяқтық қылмысының алдын алу бойынша атқарылған жұмыс барысы айтылды.

 -  Әрқайсыңызға кеңес, күнделікті істеген жұмыстарыңызды талдап, саралап шығуды әдетке айналдырыңыздар. Ең бастысы профилактикаға назар аударыңыздар. Білім беру мекемелеріндегі буллинг, бопсалау, басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін басшыдан бастап мектептерге шығып, алдын алу шараларын жандандырыңыздар. Сондай-ақ облыс орталығы Түркістан қаласында мүлдем қылмыс пен құқық бұзушылық өспеуі тиіс екенін ескертемін. Есірткі жарнамалайтын сайттарды бұғаттау, қауіпсіз елдімекен, ішімдіксіз ауыл қатарын көбейту бағытында жұмысқа кірісіңіздер! - деп атап өтті.

Департамент бастығы бірқатар басшыларға қатаң сөгіс беріп, кемшіліктерді жоюға уақыт белгіледі. Сонымен қатар ҚР ІІМ тапсырмаларын дер кезінде сапалы орындау қажеттілігін тапсырып, жеке құраммен жұмысты дұрыс ұйымдастыруды ескертті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру