Түркістан облысында ЖКО орнынан жасырынған 8 жүргізуші анықталды
Түркістан облысында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашқан 8 жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың екі айында Түркістан облысы аумағында автокөліктерді іздестіру тобының қызметкерлерімен жол-көлік оқиғасы орнынан жасырынған 8 жүргізуші анықталды.
Аталған жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 610-баптың 1-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы), 611-баптың 2-бөлігімен (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерін орындамауы) жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, облыс орталығындағы Б.Саттарханов пен Жібек жолы көшесі қиылысында өткен жылдың 28 желтоқсанында KIA көлігінің сол жақ бөлігінен белгісіз автокөлік соғып өтіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған оқиға бойынша полицейлер Түркістан облысы ПД-нің Жедел-басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жәбірленушінің көлігін соғып кеткен белгісіз көліктің маркасы белгілі болды. Үзіліссіз бірнеше ай атқарылған іздестіру шаралары арқасында 2022 жылдың ақпан айында жинақталған ақпарат көздерімен осы жол-көлік оқиғасына қатысы бар Mercedes көлігінің жүргізушісі анықталып, ұсталды.
Көлік айыптұраққа қойылып, кінәлі жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610, 611-баптарымен хаттама толтырылды.
Одан бөлек, осы жыл басынан бері Түркістан облысы ПД-нің Құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне азаматтардан келіп түскен арыз шағымдармен, жеке сот орындаушылардың жолдаған қаулысында автокөліктерді іздестіру материалдары бойынша 14 автокөлік тоқтатылып, олардың барлығы айыптұраққа қойылды.
Өз кезегінде полицейлер жол апатын жасаған жүргізушілердің қашуына кедергі келтіріп, болған жағдайда «ізін суытпай» ашу мақсатында Түркістан облысы ПД басшылығы тарапынан «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шара өткізді. Яғни, полицейлерге ВАЗ-21093 автокөлігі белгісіз жағдайда айдап кеткендігі жөнінде хабарландыру беріліп, жеке құрамның осындай сәтте атқарған іс-әрекеттері тексерілді. Тәртіп сақшыларына практикалық оқу-жаттығу сабақтары өткізілді.