Түркістан облысында жол апатынан жолаушы көз жұмды
Түркістан облысында жол апатынан жолаушы көз жұмды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 сәуір күні түнгі уақытта Сайрам АПБ-ға Сайрам ауданы арқылы өтетін Алматы-Шымкент тас жолында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама түскен. Ақпарат алысымен оқиға орнына полицейлерден құралған жедел-тергеу тобы мен прокуратура қызметкерлері шықты.
Тексеру кезінде белгілі болғандай, сағат 21:30 шамасында Toyota Alpard көлігінің жүргізушісі Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының төртінші шақырымында Алматы қаласынан Қызылорда бағытына қарай келе жатып, өзімен бір бағытта, яғни алдында кетіп бара жатқан Howo жүк көлігіне соқтығысқан.
Апатты жағдай кезінде Toyota Alpard көлігінің жолаушысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған. Ал жеті жолаушы түрлі дене жарақаттарымен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Олардың бірқатары дәрігерге көрінген соң үйлеріне қайтты.
Сайрам АПБ полицейлерімен аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркеуге алынды.
Автокөліктер айыптұраққа қойылды. Бүгінде оқиғаның толық мән-жайын анықтау шаралары жүргізілуде.