Түркістан облысында жол-көлік оқиғасына қатысы бар жүргізушілер жауапқа тартылды
Түркістан облысында жол-көлік оқиғасына қатысы бар жүргізушілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығы Түркістан қаласында түнгі сағат 01:30 шамасында жол апаты орын алды.
Нақтырақ айтсақ, Lexus RX 300 маркалы автокөлік Шымкент бағытына қарай қоғамдық көлік жолымен келе жатқан. Сондай-ақ дәл сол бағыттың екінші жолымен Toyota Camry көлігі келіп, бірден оңға қарай жолды кесіп бұрылған. Салдарынан Lexus-пен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған.
Аталған жайт бойынша Toyota Camry жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) хаттама толтырылып, іс-құжаттар сотқа жолдануда.
Ал Lexus RX 300 жүргізушісі қоғамдық көлік жолымен жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы 2-бөлігімен (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) жауапқа тартылды. Оған қоса автокөлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 591-бабы 2-бөлігімен (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) әкімшілік жауапкершілік қаралды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды ескертеді.